Ақтауда құлаған Әзербайжан ұшағы: Аралық хабарлама жарияланды
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі «Azerbaijan Airlines» әуе компаниясының Embraer 190 4K-AZ65 әуе кемесімен болған авиациялық оқиғаның жылдығына орай Аралық хабарлама дайындады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ИКАО-ның 13-қосымшасының ережелеріне сәйкес авиациялық оқиғаны тергеп-тексерудің бір ғана мақсаты болашақта осындай жағдайлардың алдын алу. Бұл қызметтің мақсаты – қандай да бір тұлғаның кінәсі немесе жауапкершілік дәрежесін анықтау емес. Сонымен қатар, Комиссия жүргізіп жатқан авиациялық оқиғаны тергеп-тексерумен қатар, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары тарапынан қылмыстық тергеу жүргізіліп жатқанын атап өтеміз. Осы ретте, ИКАО-ның 13-қосымшасының 5.4.1-стандартына сәйкес, осы Қосымшаның ережелеріне сай жүргізілетін кез келген тергеп-тексеру қандай да бір тұлғаның кінәсі немесе жауапкершілік дәрежесін анықтауға бағытталған сот немесе әкімшілік іс жүргізуден бөлек жүргізіледі, - делінген хабарламада.
Қағидалардың 97-тармағының ережелеріне сәйкес, тергеп-тексеруге қатысушылар авиациялық оқиғаның мән-жайларына қатысты барлық ақпаратты ұшу қауіпсіздігін арттыруға бағытталған түзету шараларын немесе әрекеттерді жүргізу мақсатында пайдалана алады. Тергеу аяқталғанға дейін тергеудің барысы туралы ақпарат бөгде тұлғаларға жария етілмейді.
Авиациялық оқиғаны тергеп-тексеруді аяқтаудың түпкілікті мерзімдері барлық тағайындалған зерттеулер мен жұмыстардың аяқталу мерзімдеріне байланысты болады. Оқиғаның себебі(-тері) және/немесе ықпал еткен факторлар туралы қорытындылар, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігі жөніндегі ұсынымдар Түпкілікті есепте баяндалатын болады, - деп түсіндірді министрлік.
Еске салайық, Azerbaijan Airlines (AZAL) компаниясына тиесілі Embraer 190 әуе кемесі 2024 жылдың 25 желтоқсанында таңертең Бакуден Грозныйға бара жатқан жолда Ақтау маңында апатқа ұшырады. Әуе компаниясының дерегіне сүйенсек, ұшақ бортында 62 жолаушы және бес экипаж мүшесі болған. Апаттан 29 адам аман қалды.