Ақтауда «Qazbilim» ұлттық лицейі ашылды

Маңғыстаулық оқушылар үшін «Qazbilim» ұлттық лицейі жұмысын бастады . 5-11 сынып оқушыларына арналған Ұлттық лицей елімізге белгілі ұстаз  Аятжан Ахметжанұлының бастамасымен ашылды.  Жалпы жыл соңына дейін облыста 12 жеке мектеп ашу жоспарда деп хабарлайды Маңғыстау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.  

Ақтаудағы лицей 280 балаға арналған. 180 бала оқуға қабылданды. Оларға білім беретін 30-дан астам ұстаз конкурс арқылы іріктелген. Мамандар тек маңғыстаулық қана емес, ішінде Алматы, Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген педагогтер де бар.  

«Qazbilim» жобаларының негізін қалаушы Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, мақсат –күнделікті сабақ барысында ұлттық бейне қалыптастыру, оқушыларды ұлттық, патриоттық бағытта тәрбиелеу, сапалы білім беру.  

 Қазақтың ұлттық мектебінің брендін жасау маңызды оқиғаның бірі . Өйткені, біз ұлттық мектептрердің негізін қалай алмасақ, жаһандану заманында ұлт ретінде сақталуымыз қиын. Егер мектебіміз ұлттық болмаса, болашағымыздың ұлттық мәселесі туралы айтуы қиын. Сондықтан осы бір арманмен ұлттық мектептердің моделін жасау, ұлттық мектептердің брендін қалыптастыру мақсатында 2020 жылы мемлекеттік мектептің директорлығына келгенмін. Өзіме миссия қойып, сол бағытта жұмыс жасап жатырмыз, - дейді Аятжан Ахметжанұлы. 

Ұлттық лицей оқушыларға сапалы білім берумен қатар, жан-жақты өсуі үшін ұлттық тәрбие, пәндік олимпиадаға, ҰБТ, IELTS-қа дайындық, қазақстандық және шетелдік үздік университеттерге түсуге бағыт-бағдар береді. 

 Тест тапсыру арқылы осы мектепке қабылдандым. Бізге сабақ тамызда басталды. Осы уақыт аралығында біз 11 сыныпқа дайындалдық. Мектептің ұстаздары, орта ұнайды. Осы мектептен ҰБТ-ға дайындалып, таңдаған мамандығымның грантына түсемін деген ойдамын, - дейді 11 сынып оқушысы Мөлдір Өмірберді.

Білім ордасында оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Тіпті,  шалғайдан келіп оқитын оқушылар үшін жатақхана да бар. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы