Бүгiн 2026, 19:49 Фото: видеодан кадр

Ақтауда қауіпті маневр жасаған катер жүргізушісіне айыппұл салынды

Судағы қауіпсіздік талаптарын сақтау – міндетті.

Ақтауда теңізде қауіпті маневр жасаған катер жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Маңғыстау облысы ТЖД мәліметінше, оқиға 9 сәуір күні әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталған. Жарияланған видеода катердің жоғары жылдамдықпен қауіпті бұрылыстар жасап, пирске тым жақын өткен сәті түсіп қалған.

Ведомствоның нақтылауынша, оқиға бір күн бұрын – 8 сәуірде – 4А шағынауданы маңында болған. Қозғалыс кезінде катер бортында құтқару кеудешесін кимеген жолаушылар болғаны анықталған.

Катер жүргізушісінің жеке басы анықталып, оған ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы («Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзу немесе орындамау») бойынша жауапкершілік жүктелді.

ТЖД суда қауіпсіздік ережелерін сақтау міндетті екенін еске салды. Катер мен қайық иелеріне сақтық шараларын елемеуге болмайтыны, әсіресе құтқару кеудешелерін пайдалану және қозғалыс ережелерін сақтау қажет екені айтылды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін мынадай айыппұл қарастырылған: жеке тұлғаларға – 7 АЕК (30 275 теңге), шағын бизнес субъектілеріне – 10 АЕК (43 250 теңге), орта бизнеске – 20 АЕК (86 500 теңге), ал ірі бизнеске – 60 АЕК (259 500 теңге).