Ақтауда қаңғыбас жануарларға қатысты жаңа жүйе қарастырылады
Әкімдік өкілеттіктер толық берілгеннен кейін ұсынылған бастамаларды қарауға уәде берді.
Ақтау қаласының әкімдігі қаңғыбас жануарларға қатысты жүйені жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды өкілеттіктер жергілікті атқарушы органдарға толық беріліп, қаржыландыру көздері айқындалғаннан кейін қарайтын болады.
Қала әкімінің орынбасары Бекнұр Балиұлының айтуынша, қазіргі уақытта қаңғыбас жануарлардың санын реттеу функциялары ветеринариялық қызметтен әкімдіктерге беріліп жатыр. Сонымен қатар бұл бағыттағы жұмыстарды қаржыландыруға арналған бюджет қалыптастырылуда.
Lada.kz мәліметінше, әзірге өңірлік бағдарламаларды іске қосу, жануарлардың бірыңғай тізілімін құру, мобильді ветеринариялық бригадалар жасақтау, еріктілермен өзара іс-қимылды кеңейту және пилоттық жобаларды жүзеге асыру туралы нақты шешім қабылданған жоқ.
Өкілеттіктерді беру аяқталып, қаржыландыру бекітілгеннен кейін барлық ұсыныс заң талаптары мен қаржылық мүмкіндіктерді ескере отырып қаралады, – деді Бекнұр Балиұлы.
Әкімдік әзірге өкілеттіктерді беру жұмыстарының нақты қашан аяқталатынын атаған жоқ. Әкім орынбасарының сөзінше, бұл қажетті нормативтік-құқықтық және бюджеттік шешімдердің қабылдануына байланысты.
Сондай-ақ ол қаңғыбас жануарлардың санын реттеуге бөлінетін қаражатқа қатысты пікір білдіріп, жергілікті атқарушы органдар қолданыстағы заңнама аясында ғана әрекет ететінін және қаржыны өз бетінше қайта бөле алмайтынын айтты.
Оның айтуынша, жануарларды аулау, зарарсыздандыру, вакцинациялау және басқа да шаралар заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіледі.
Сонымен қатар қала әкімдігі қоғам белсенділері мен жануарларды қорғаушылармен жұмысты жалғастырып келеді. Бекнұр Балиұлы бұған дейін қаңғыбас жануарларға қатысты жүйені реформалау жөнінде бастама көтерген Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Оксана Белоножкинамен тұрақты байланыста екенін айтты.
Ұсыныстар қатарында зарарсыздандыру және вакцинациялау бағдарламаларын кеңейту, үй жануарларының бірыңғай тізілімін жасау, мобильді ветеринариялық қызметтерді ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекет пен еріктілер және жануарларға арналған панажайлар арасындағы ынтымақтастықты дамыту бар.