Ақтауда психотроптық заттарды жарнамалаған бес адам сотталды
Ақтау қалалық соты жүйкеге әсер ететін психотроптық заттарды заңсыз жарнамалаған бес адамды, оның ішінде екі әйелді, кінәлі деп танып, әрқайсысын 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сот тергеуі барысында анықталғандай, айыпталушылар қаладағы ғимараттар мен тұрғын үйлердің қабырғаларына жарнамалық парақшалар жапсырып, сондай-ақ алдын ала дайындалған трафареттер арқылы аэрозоль бояуымен жазулар қалдырған. Бұл жазбаларда психотроптық заттарды сатумен айналысатын Telegram арналарға сілтемелер көрсетілген.
Құқық қорғау органдары жарнамалық жазуларды таратушыларды қылмыс үстінде ұстаған. Жеке тінту барысында екі айыпталушыдан мефедрон психотроптық заты табылып, тәркіленді. Бұл әрекеттерге қатысты қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 3-бөлігі бойынша қосымша сараланды.
Айыпталушылар ҚР ҚК-нің 299-1-бабының 2-бөлігі (психотроптық заттарды заңсыз жарнамалау) бойынша кінәлі деп танылып, Ақтау қалалық сотының үкімімен жазаланды. Үкім заңды күшіне енді.
Маңғыстау облыстық прокуратурасы тұрғындарды заңсыз табыс көздерінен бас тартуға, әсіресе есірткі мен психобелсенді заттарды насихаттауға жол бермеуге шақырып отыр.
Күмәнді ұсыныстарға ермей, қылмыстық әрекеттер туралы деректерді құқық қорғау органдарына уақытылы хабарлау – әр азаматтың заң алдындағы жауапкершілігі, – делінген прокуратура таратқан хабарламада.