Ақтауда полицей қаза тапқан жол апатына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды
Қылмыстық іс Toyota Camry көлігінің жүргізушісі қайтыс болуына байланысты тоқтатылған.
Ақтауда Toyota Camry автокөлігінің жүк тиегішпен соқтығысуы фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы Lada.kz-ке Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Редакция жол-көлік оқиғасы бойынша тергеудің қай сатыда екенін және кінәлі тұлға анықталған-анықталмағанын білу үшін ресми сауал жолдаған. Ведомствоның мәліметінше, іс Toyota Camry көлігінің жүргізушісі қайтыс болуына байланысты тоқтатылған.
Еске салайық, жол апаты 2025 жылғы 23 қазаннан 24 қазанға қараған түні Ақтаудағы 13 және 14 шағын аудандар арасындағы автожолда болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жеңіл автокөлік жүргізушісі жол жиегінде тұрған жүк тиегішпен соқтығысқан. Оқиға салдарынан жүргізуші оқиға орнында көз жұмды, ал түрлі жарақат алған жолаушы ауруханаға жеткізілді.
Кейінірек апат кезінде қаза тапқан азаматтың полиция қызметкері екені белгілі болды. Тірі қалған адамның да құқық қорғау органдарының қызметкері болуы мүмкін екені айтылғанымен, бұл ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берілген жоқ.
Адвокат Айбек Сүйіндіковтің айтуынша, жолдағы кез келген жөндеу немесе құрылыс жұмыстары арнайы талаптарға сәйкес жүргізілуі тиіс. Атап айтқанда, мұндай аумақтарда сары фонда уақытша жол белгілері орнатылуы қажет. Ал қызғылт сары маяк қосылған арнайы техника жол қозғалысы ережелерінен тек қауіпсіздік толық қамтамасыз етілген жағдайда ғана шегіне алады.