Кеше 2026, 20:38 Фото: gov.kz

Ақтауда пластикалық операциядан кейін депутат көз жұмды

Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов Ақтаудағы жекеменшік клиникалардың бірінде жасалған пластикалық операциядан кейін қайтыс болды, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі Stan.kz басылымына сілтеме жасап.

49 жастағы Ербол Айтуов иек тұсына липосакция жасату үшін «Касиет» жекеменшік клиникасына жүгінген. Алайда операцияға дайындық кезінде, наркоз енгізу сәтінде науқастың жағдайы күрт нашарлаған.

Марқұмның жұбайының айтуынша, асқынулар интубация жасау кезіндегі болжамды қателіктен басталған. Ер адамның қан қысымы мен қандағы қант деңгейі күрт көтеріліп, ишемиялық инсульт салдарынан комаға түскен. Бір айға жуық уақыт есін жимастан жатып, көз жұмған.

Туыстары медициналық көмектің дер кезінде көрсетілмегенін және науқастың нақты жағдайы жасырылғанын мәлімдеді.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 49 жастағы азаматтың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалған.

Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты әрі объективті сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, – деп жауап берді ведомство редакция сауалына.

Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы аталған клиниканың жекеменшік мекеме екенін және облыстық денсаулық сақтау жүйесіне кірмейтінін нақтылады.

Денсаулық сақтау министрлігінің жоспардан тыс тексеруі барысында клиникада бірқатар өрескел заңбұзушылық анықталған.

Атап айтқанда, операциялық блок толық жабдықталмаған, кей құрылғылардың пайдалану мерзімі өтіп кеткен, ал анафилактикалық шок кезінде қолданылатын қажетті дәрі-дәрмектер болмаған.

Сондай-ақ медициналық мекемеде ересектерге анестезиология және реанимация қызметін көрсетуге лицензия болмағаны белгілі болды. Бұдан бөлек, науқас толық медициналық тексеруден өтпей және қарсы көрсетілімдер бола тұра операцияға жіберілген.

Тексеру материалдарының барлығы прокуратура органдарына жолданды.

Еске салсақ, Ербол Айтуов Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты болған. Сондай-ақ 2023 жылдан бері Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы өңдеуші өнеркәсіп және базалық салалар комитетін басқарған.

Бұған дейін Алматыдағы пластикалық хирургия клиникаларының бірінде де адам өлімі тіркелген еді. Сол кезде ұқсас операция жасатуды жоспарлаған 53 жастағы блогер Сауле Базархан қайтыс болған.