Ақтауда оқушы қызды белгісіз біреулер алып қашқан
Әлеуметтік желіде Ақтауда белгісіз адамдардың оқушы қызды «алып қашқан» сәтінің видеосы тарады, деп жазады BAQ.KZ.
Анасының айтуына қарағанда, қызы кәмелет жасына толмаған.
6 қаңтарда қызымды еркінен тыс, хайуандықпен алып кетті. Менің 18-ге толмаған балапаным. Полицияға барып іс қозғадық. Бірақ прокуратура 3 күннен соң істі жауып тастап отыр. Біздің заң қайда сонда, жасөспірімнің құқығы қайда?, – деді анасы бейнежазбада.
Дегенмен қыздың өзі сыныптасына қарсы арыз жазудан бас тартқан.
Бұл іске қатысты полиция департаменті арыз бойынша тергеу бастағанын айтқан. Алайда қылмыс құрамының болмауына байланысты істі тоқтатқан.
Кәмелетке толмаған қыздың жауабына сәйкес ұрлауды оның сыныптасы ұйымдастырған, олар бұған дейін қыз бен жігіт қарым-қатынасында болған. Жігіт қызға үйлену үшін ұрлау ниеті бар екенін бірнеше рет айтқан. Сондай-ақ қыз өз жауабында сыныптасы және оның достары тарапынан зорлық-зомбылық немесе қоқан-лоқы көрсетілмегендігін атап айтты, – делінген хабарламада.