Ақтауда онкологиялық науқастар дәрі-дәрмексіз қалды
Ақтауда онкологиялық дертке шалдыққан науқастар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында берілуі тиіс өмірлік маңызды дәрі-дәрмектерді ала алмай отыр. Бұл мәселе туралы жергілікті тұрғындар дабыл қағып, тиісті органдарға жүгінген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Lada.kz порталының хабарлауынша, облыстық онкологиялық диспансерде желтоқсан айынан бері пациенттерге үздіксіз емделу үшін қажет бірқатар онкологиялық препараттар берілмей келеді. Атап айтқанда, «Бикалутамид» және «Золадекс» дәрілері қараша айының соңынан бері жеткізілмеген.
Татьяна Мядзельдің айтуынша, диспансер есебінде тұрған өзіне жақын екі науқас осы дәрілерді кепілдендірілген медициналық көмек шеңберінде тұрақты түрде алып келген. Алайда желтоқсан айынан бастап препараттарды беру тоқтатылған.
Бұл дәрілер бір айға беріледі. Қаңтардың соңына дейін әлі күнге дейін жоқ. Ең қиыны – аталған препараттарды дәріханалардан да еркін сатып алу мүмкін емес. Бізге онкодиспансерде «күте тұрыңыз, сіз жалғыз емессіз» деп жауап береді. Бірақ нақты шешім де, көмек те көрсетілген жоқ. Ал емдеуді тоқтатуға болмайды, – дейді ол.
Әйелдің сөзінше, ол дәрі-дәрмектерді сатып алу және таратумен айналысатын «СК-Фармация» ЖШС-не де жүгінген. Компания өкілдері 2025 жылға арналған Ақтау бойынша барлық тапсырыс көлемі жөнелтілгенін айтып, дәрі-дәрмектің таусылуы олардың кінәсі емес екенін жеткізген. Осыдан кейін Татьяна облыстық денсаулық сақтау басқармасына өтініш жолдағанымен, әзірге ресми жауап алмаған.
Облыстық онкологиялық орталықта препараттардың уақытша болмауына «СК-Фармация» тарапынан жеткізілімнің кешігуі себеп болғанын хабарлады. Онкодиспансердің дәріхана меңгерушісінің атынан аталған жағдайға байланысты ертең толық ресми түсініктеме берілетіні айтылды.