30 Тамыз 2026, 22:51 Фото: depositphotos.com

Ақтауда мысықтарға қатыгездік көрсеткен балалардың ата-аналары жауапқа тартылды

Еріктілердің айтуынша, мысықтардың бірі ауыр жарақат алып, ветеринарлық клиникаға жеткізілген.

Ақтауда жануарларға қатыгездік көрсетті деген балалардың жеке басы анықталды. Олар ата-аналарымен бірге полицияға жеткізілді, деп хабарлады Lada.kz.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, екі ата-анаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы – кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамау бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған. Бұл бап бойынша 10 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.

Оқиға 30 тамызда Ақтаудың 35-шағынауданындағы тұрғын үйлердің бірінде болған. Жануарларды қорғау ұйымдарының өкілдері балалардың бірнеше мысыққа қатыгездік көрсеткенін мәлімдеді.

Еріктілердің айтуынша, мысықтардың бірі ауыр жарақат алып, ветеринарлық клиникаға жеткізілген. Олар жануардың биіктен лақтырылғанын, соның салдарынан ішкі ағзалары зақымданып, миы шайқалғанын хабарлады. Тағы бір мысықты баспалдақтан лақтырып, тепкені айтылды.

Зооқорғаушылар барлығы төрт жануарды қауіпсіз жерге алып кеткен. Олардың екеуі уақытша асырауға берілсе, қалғандары жануарларды қорғау ұйымының қарауына алынған.

Еріктілер бұл үйде жануарларға қатыгездік көрсету оқиғасы бұған дейін де болғанын айтады. Олардың мәліметінше, бір айдан астам уақыт бұрын осы жерден екі аяғы сынған мысық табылған. Оған операция жасалғанымен, жануарды аман алып қалу мүмкін болмаған.

Зооқорғаушылар оқиғаның толық мән-жайын бейнебақылау камералары арқылы анықтап, жауапты тұлғаларды заң аясында жауапкершілікке тартуды сұрап отыр.