Ақтауда мүмкіндігі шектеулі отбасы ұлды болды

Ақтауда мүмкіндігі шектеулі ерлі-зайыптылардың отбасында алғашқы сәби дүниеге келді, деп хабарлайды BAQ.KZ mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.

Ақжолтай хабарды Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Қилыбай әлеуметті желідегі парақшасында жариялады. Ол қоғам белсендісі Руслан Гайбатов пен Жазираның үйінде шекесі торсықтай ұл туғанын айтып, сүйінші сұрады.

2020 жылдың қыркүйегі еді. Ковидпен арпалысып жатқан кез. Телефоныма Руслан Гайбатов деген інім қоңырау шалды. Аманшылық білісіп болған соң «Нәке, саған айтатын шаруам бар еді» деді. Мен «Жұмыс бастан асып жатыр, телефонмен айта берсейші» деп едім, Руслан маған «ол телефонмен айтатын шаруа емес, өте маңызды болып тұр» деді. «Онда шәй қойып қой, қазір үйіңе барамын» дедім де Русланның үйіне тарттым. Екеуіміз шәй ішіп отырмыз. Ол үйленгісі келетінін айтты. Мен құтты болсын айта бергенімде ол құдалыққа баруды ұсынды. Әрі алғалы отырған жарының қазақ ұлтынан екенін жеткізді. Құда түсіп барсақ бермей қоя ма деп, өзіңді алға салғалы отырмыз деп ойын айтты. Мен келісе кеттім. Сол аралықта ол болашақ жарымен таныстырды. Оны естіген кейбір ағалар «өз қарагөз қарындасыңа құда болып, әсіресе бас құда болып бару дұрыс емес» десіп жатты. Бұл басқа жағдай! Ешкімнің айтқанына мән бермей, тек тағдырдың тауқыметінде жүрген Руслан мен келін бақытты болса болды деген оймен және шешіммен жаныма Русланның аға-жеңгелерін ерітіп алып үшінші қараша күні Жаңаөзенге бардық. Құдалармен таныстық, келген шаруамызды айттық, жылы қабылдады. Соондай миссияны аяқтап марқайған көңілмен Ақтауға қайттық, - деп жазды Нұрдәулет Қилыбай.

Оның айтуынша, кейін Русланның жары Жазира қалалық әкімдікке жұмысқа орналасып, аз ғана еңбекақыны қанағат тұтқан. Ешкімге ренжімей, ешкімнен ештеңе сұрамай қатардағы жауынгердей жұмысын жасаған.

Міне, арада 2 жыл өтіпті, Жаратушының қалауымен Русланым мен Жазирам сәбилі болды. Русланның да, Жазираның да көптен күткен, мүмкін ешқашан орындалмайды деген арманы орындалды. Төлеген Айбергеновтың «Бір тойым болатыны сөзсіз менің!» дегені осы шығар. Муслимнің өмірі ұзақ әрі бақытты, Тәуелсіз Қазақстанның беделді азаматы болсын деп тілейік! - деп жазды Нұрдәулет Қилыбай.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы