Ақтауда меценаттарға "Жомарт жан" сыйлығы табыс етілді
Қайырымдылық жасаудан таймайтын пейілі кең жандар дәстүрлі «Жомарт жан» сыйлығымен марапатталды. Салтанатты рәсім «Достық» үйінде өтті. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, сенаторлар, жергілікті мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестіктер мен волонтерлер қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.
Меценаттар қатарында Хитеш Чандра Вододария да болды. Ол 2020 жылы Ақтауда «Сәлем намасте» Үнді этномәдени бірлестігін құрған. Ұйым Үндістанның мәдениеті мен әдебиетін, салт-дәстүрін дәріптеп, қайырымдылық шараларына үнемі қатысып келеді.
Ақтаудағы «Алғыс айту» күні аясында басталған «Қайырымдылық керуені» республикалық жобасы бойынша Маңғыстау облысында 200-ден астам адамға сый-құрмет көрсетілді. «Жомарт жан» орталығы балалар үйінің тәрбиеленушісіне банкте депозит ашып, оған жеткіншек кәмелетке толғанша ақша аударылады. Сондай-ақ «Мектепке жол» акциясы аясында жүздеген балаға оқу құралдары үшін сертификат берілді.
Салтанатты жиында сондай-ақ «Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар» жобасының өңірлік кезеңі талқыланып, Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының 23-ші сессиясында жүктеген тапсырмаларды іске асыру мәселелері қаралды. Кездесу соңында бір топ азаматқа ҚР Президенті Әкімшілігі Хатшылығы мен Парламент Сенатынан жолданған «Құрмет» грамотасы мен Алғыс хат табыс етілді.