Ақтауда мектепте екпе алған соң екі оқушының жағдайы нашарлаған
Ақтауда мектепте екі оқушы А гепатитіне қарсы екпеден кейін өздерін нашар сезінді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы балалардың мектепте алған екпеден кейінгі жағдайы нашарлағанын мәлімдеді.
Ақпанның 23-і күні Ақтаудағы мамандандырылған IT лицейінің екі оқушысы А гепатитіне қарсы екпеден кейін өздерін нашар сезініп, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.
Облыстық аурухананың реанимация бөлімінде балаларға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, тексерістен кейін психоэмоционалды күйзеліс анықталды. Жағдайлары жақсарғаннан кейін ата-аналары балаларды ауруханаға жатқызудан бас тартты. Науқастар амбулаторлық емделуге жіберілді. Балалар жергілікті мекенжайы бойынша тіркелген ауруханалардың бақылауында болады, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Балаларға жоспар бойынша екпе егіліп, педиатрдың бақылауында болғаны, қазір олардың жағдайы қанағаттанарлық, екпеге реакция жоқ екені атап өтілді.