Ақтауда мектепке жарылғыш зат қойылды деп хабарлаған күдікті ұсталды

Бүгін Ақтаудың 33-ші шағынауданындағы 102 қызметінің кезекші пультіне №33 мектепте жарылғыш зат бар деген хабар келіп түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шұғыл оқиға орнына полиция қызметкерлері мен кинологтар жіберілді. Олар мектеп ғимараты мен оған жақын аумақты мұқият тексергенімен, ешқандай қауіпті заттар немесе жарылғыш құрылғыларды таппады.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, сы оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабы ("Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полицияның жедел іздестіру шаралары барысында 1995 жылы туған, бұған дейін бірнеше рет сотталған күдіктіні ұстады. Ол қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторында отыр.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті терроризм актілері туралы жалған ақпарат таратудың қоғамдық қауіпсіздікке айтарлықтай қауіп төндіретінін және жедел қызметтердің ресурстарын негізсіз жұмсауға мәжбүр ететінін еске салды. Мұндай әрекеттер заң бойынша ауыр қылмыс саналып, қылмыстық жауапкершілікке тартылады, - делінген ведомство хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қыркүйек айының төртінде Ақтаудағы №1 мектепте, бесінде №29 мектепте жарылғыш зат қойылды деген хабар түскен еді. Екеуі де жалған болып шықты. 2024 жылдың желтоқсан айының жиырма үшінде белгісіз біреулер Ақтаудағы №1 мектепке бомба қойылды деген жалған ақпарат берді.

Жарас Мақсатұлы

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы