Бүгiн 2026, 08:16 Фото: lada.kz

Ақтауда "Мәңгілік алауға" қойылған гүлдер қоқыс жәшігінен табылды

Кейбір тұрғындар гүлдерді коммуналдық қызмет өкілдері немесе мердігер ұйымдар алып тастауы мүмкін деген болжам айтты.

Ақтаудағы «Мәңгілік алау» мемориалы маңында Жеңіс күніне орай қойылған гүлдердің қоқыс жәшіктеріне тасталғаны әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырды, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Желіде тараған фотоларда мемориалға қойылған жаңа гүлдердің қоқыс арасында жатқанын көруге болады. Қала тұрғындары бұл әрекетті Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен қаза тапқан батырлардың рухына деген құрметсіздік деп бағалаған.

Пікір қалдырушылардың айтуынша, гүлдерді 9 мамыр қарсаңында мектеп оқушылары, балабақша тәрбиеленушілері және қала тұрғындары қойған.

Кейбір тұрғындар гүлдерді коммуналдық қызмет өкілдері немесе мердігер ұйымдар алып тастауы мүмкін деген болжам айтты. Сондай-ақ олар бейнебақылау камераларындағы жазбаларды тексеріп, кінәлілерді анықтауға шақырды.

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жағдайды «ұят», «құрметсіздік» деп бағалап, мерекеден кейін гүлдерді бірден алып тастауға болмайтынын жазған.

Тұрғындардың бір бөлігі оқиға арандатушылық немесе коммуналдық қызметтердің келісілмеген әрекеттерінің салдары болуы мүмкін екенін де алға тартты.