Ақтауда көпқабатты үйдің жертөлесін су басты
Тұрғындар ғимараттың іргетасы мен құрылымына зиян келуі мүмкін деп алаңдайды.
Ақтаудың 4-шағынауданындағы №39 көпқабатты үйдің жертөлесін сорғы жабдықтарындағы апаттан кейін су басқан. Апат салдары жойылғанымен, жертөледе жиналған су әлі сорылып алынбаған. Тұрғындар ғимараттың іргетасы мен құрылымына зиян келуі мүмкін деп алаңдайды. Бұл туралы Lada.kz хабарлады.
Тұрғындардың айтуынша, оқиға таңғы сағат 05:30 шамасында болған. Сорғы жабдықтарының мембраналық цистернасы жарылып, сорғы ажыратылғаннан кейін су құбыр желісінен қысыммен беріле бастаған. Олар тиісті қызметтерге хабарласқанымен, мамандар оқиға орнына таңғы сағат 08:00-ден кейін ғана жеткен. Осы уақыт ішінде жертөлені су басқан.
Қазір апат көзі оқшауланған. Алайда жертөледегі суды сору мәселесі шешілмей отыр. Тұрғындар ұзаққа созылған ылғалдылық ғимараттың іргетасы мен құрылымына кері әсер етуі мүмкін екенін айтып, суды шұғыл шығаруды талап етуде.
Ал ПИК өкілдері апаттың оқшауланғанын, ал жертөледегі суды «Каспий жылу, су арнасы» МКК сорып алуы керектігін мәлімдеген. Олардың түсіндіруінше, сумен жабдықтау жүйесінің сорғы жабдықтары осы ұйымның теңгерімінде болғандықтан, суды шығару және мәселені толық шешу оның міндетіне жатады.
Сонымен қатар тұрғындар үйді күтіп-ұстауға қатысты өзге де мәселелердің барын айтады. Олардың сөзінше, 2023 жылдың желтоқсанынан бері ғимаратты осы ПИК басқара бастағаннан кейін шатыр, баспалдақ, құбыр, кәріз жүйесі, жарықтандыру, қоқыс шығару және үй маңындағы аумаққа қатысты проблемалар көбейген.
Тұрғындардың айтуынша, кейбір жөндеу жұмыстарын өз қаражатына ұйымдастыруға тура келген. Олар сорғы мен қажетті материалдарды сатып алып, мамандар іздеген және лифтіні жөндеу мәселесін де өздері шешкен. Бұл ретте үйді күтіп-ұстау тарифі бірнеше рет көтерілгенін алға тартады.
Осыған байланысты тұрғындар қалалық тұрғын үй инспекциясына бірнеше рет шағымданған. Соңғы өтініштерінде олар ПИК қызметін, ғимараттың техникалық жай-күйін және басқарушы ұйымның қаржылық есебін тексеруді, сондай-ақ үйге комиссиялық тексеру жүргізуді сұраған.