Кеше 2026, 22:24 Фото: BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Ақтауда көпқабатты үйде өрт шығып, бір адам ауруханаға жеткізілді

Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталуда.

Ақтау қаласында көпқабатты тұрғын үйде болған өрт салдарынан бір адам зардап шекті, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 19а шағын ауданындағы №17 тоғыз қабатты тұрғын үйде бүгін сағат 16:27-де тіркелген. Өрт алтыншы қабаттағы пәтерлердің бірінің балконында шыққан.

Алдын ала деректер бойынша, жалын үй заттарын шарпып, шамамен 10 шаршы метр аумақты қамтыған. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жедел жетіп, тілсіз жауды сағат 16:53-те толықтай сөндірді.

Құтқарушылар бір адамды эвакуациялап, түтіннен улану белгілері бар зардап шегушіні облыстық ауруханаға жеткізген.

Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталуда. Мамандар тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.