Кеше 2026, 23:55 Фото: depositphotos.com

Ақтауда «көңілді газды» заңсыз сақтау дерегі анықталды

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-бабы 1-бөлігімен іс қозғалды.

Ақтау қаласында полиция қызметкерлері «көңілді газ» деп аталатын азот оксидін заңсыз сақтау фактісін тоқтатты, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Өңірлік полицияның мәліметінше, бейнебақылау камералары арқылы күдік тудырған Toyota Camry автокөлігі анықталып, тексеру үшін тоқтатылған. Тексеру барысында көлік салонынан 10 литрлік екі баллон табылған. Онда азот оксиді – халық арасында «шар-кумарик» немесе «көңілді газ» ретінде белгілі зат болған.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-бабы 1-бөлігімен іс қозғалды. Күдікті ретінде 1996 және 1998 жылы туған екі ер адам қарастырылып отыр. Көлік арнайы айып тұрағына қойылды.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Заңнамаға сәйкес, мұндай құқықбұзушылық үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Айта кетейік, азот оксиді медицинада анестезия ретінде қолданылғанымен, оны заңсыз мақсатта пайдалану адам денсаулығына қауіпті психотроптық әсерге ие.