Ақтауда кикбоксингтен республикалық турнир өтіп жатыр

Ақтауда облыстық кикбоксинг федерациясы президентінің кубогы үшін ұйымдастырылған республикалық турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Маңғыстау облысында 2003 жылы құрылған кикбоксинг федерациясы міне 20 жылға жуық уақыт бойы өңірде аталған спорт түрінің дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Атап өтсек, бүгінге дейін 400-ден астам ҚР чемпиондары мен жүлдегерлерін, халықаралық дәрежедегі спортшыларды тәрбиелеп шығарды. Қазіргі таңда кикбоксинг спорт түрі бойынша облыста 2000-нан астам спортшы шұғылданады. Өңірде спорт саласы осындай қоғамдық бірлестіктің ықпалымен дамып жатқаны қуантады. Жарыс қатысушыларына сәттілік тілей отырып, додада шын мықтылар анықталады деген ойдамын, - деді Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш.

Аталған жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 10-15 жас аралығындағы 270-тен астам спортшы қатысып жатыр. Олар 24 салмақ дәрежесінде сынға түседі. 27 төреші баға беріп, шын мықтыларды анықтайды. Облыстық кикбоксинг федерациясының президенті Рустам Рысмухамбетовтың айтуынша, кикбоксинг спортына балалардың құштарлығы жыл санап артып келеді.

Бұл спорт түрімен айналысып жүрген балалар әлемдік деңгейде де жеңістерін көрсетіп, көк туымызды желбіретіп жүр. Оған мысал ретінде 2022 жылы Түркия мемлекетінде өткен әлем кубогында қол жеткізген жетістіктерді айта аламыз. Бұл біз үшін үлкен жетісітік, - деді Рустам Рысмухамбетов.

Турнир 3 күнге созылады. Жарыстың соңғы күні жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы