Ақтауда кәсіпкерлер заңсыз қоқыс шығарғаны үшін жауапқа тартылды

Ақтауда тұрғын үй аумағында тұрмыстық қалдықтарды заңсыз тастаған кәсіпкерлер анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, 7 ақпанда 19-шағынаудандағы №14 үйдің жанында орналасқан контейнерлік алаң маңынан қоқыстың көп мөлшері заңсыз шығарылғаны байқалған.

Тексеру нәтижесінде құқық бұзушылықтың кәсіпкерлік нысандар тарапынан жасалғаны белгілі болды. Сонымен қатар аталған нысандар аумағында абаттандыру ережелерінің де бұзылғаны анықталды.

Оқиғаға байланысты қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесіп, бизнес өкілдеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде кәсіпкерлердің біріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы 1-бөлігіне сәйкес ескерту берілсе, екіншісіне әкімшілік айыппұл салынды.

Әкімдік өкілдері қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық кәсіпкерлер қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін лицензиясы бар ұйымдармен келісімшарт жасасуға міндетті екенін еске салды.

Қала тұрғындары мен кәсіпкерлерді тазалық пен қоғамдық тәртіп ережелерін сақтауға жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Тазалық – ортақ міндет, – деді қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Нұрлыбек Ғұмаров.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы