Ақтауда фастфудқа құмар ер адам ауыр халде ауруханаға шұғыл жеткізілді
Ақтауда фастфудты жиі тұтынған ер адам ұйқы безінің қауіпті панкреонекроз дертіне шалдығып, дәрігерлердің заманауи емі арқасында операциясыз сауығып шықты. Бұл оқиға дұрыс тамақтанудың маңызын ескертеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының дәрігерлері «панкреонекроз» диагнозымен түскен науқасты ота жасамай-ақ аман алып қалды. Қауіпті дерттің себебі – фастфудқа әуестік болған.
Хирургия бөлімшесіне 1982 жылы туған ер адам ауыр халде жеткізілген. Жүргізілген талдаулар мен толық тексеру нәтижесінде науқастың ұйқы безінде ісік бары анықталып, «панкреонекроз» деген диагноз қойылды.
Хирургия бөлімінің меңгерушісі Сәкен Құблановтың айтуынша, панкреонекроз – әлемдегі ең қауіпті аурулардың бірі. Бұл дерт кезінде ұйқы безінің тіндері жойылып, ағзаның қатты улануына әкеледі. Мұндай диагноз қойылған науқастың тірі қалу мүмкіндігі шамамен 50 де 50.
Бұрын мұндай жағдайда бірден ота жасалатын. Қазіргі таңда халықаралық тәжірибеге сай дәрігерлер алдымен консервативті емдеу тәсілін қолданады. Егер дәрі-дәрмекпен ем нәтиже бермесе, лапароскопиялық немесе ашық ота жасалады.
Бұл жағдайда біз консервативті емдеу жолын таңдадық. Науқас 20 күн бөлімшеде жатып, жағдайы жақсарған соң үйіне шығарылды, – деді Сәкен Құбланов.
Науқастың өзі аурудың себебі дұрыс тамақтанбау және фастфудты жиі тұтыну екенін мойындады.
Мен ауруханаға өте ауыр халде, қатты ауырсынумен түстім. Бір сәтте өміріме қауіп төніп тұрғанын түсіндім. Дәрігерлер заманауи емдеу әдісін қолданып, ота жасамай-ақ мені аман алып қалды. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Кәсіби көмегі үшін шексіз ризамын. Бұл жағдай мен үшін үлкен сабақ болды – дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстану қажет, – деді ол.
Дәрігерлердің айтуынша, панкреонекроз көбіне жедел панкреатиттің асқынуы салдарынан дамиды. Бұл кезде ұйқы безінің өз ас қорыту ферменттерінің әсерінен тіндері өле бастайды. Мамандар аурудың алдын алу үшін дұрыс тамақтану қағидаларын ұстануға, зиянды әдеттерден бас тартуға және алғашқы белгілер пайда болған кезде дер кезінде дәрігерге қаралуға кеңес береді.