Ақтауда демалыс базасында төрт жасар қыз аяғын күйдіріп алды
Кейін оның аяғын құмға көміліп қалған кальян көмірі күйдіргені анықталған.
Ақтаудағы демалыс базаларының бірінде төрт жасар қыздың аяғы күйіп қалды. Баланың анасының айтуынша, оқиға жағажайдағы шатырлар мен шезлонгтар орналасқан аумақта болған, деп хабарлады Lada.kz.
Қыз отбасының жанында құм үстінде ойнап жүрген кезде кенет жылап жіберген. Кейін оның аяғын құмға көміліп қалған кальян көмірі күйдіргені анықталған.
«Бастапқыда оның күйік алғанын түсінбедік. Мұндай жағдай болады деп ойламадық», – дейді қыздың анасы.
Ата-анасы баланы жеке клиникаға апарған. Оны педиатр қарап, хирургпен кеңескен. Дәрігерлер күйген жерді күту бойынша тиісті ұсынымдар берген.
Демалыс базасының әкімшілігі көмірді бұған дейін демалған адамдар қалдыруы мүмкін екенін айтып, отбасынан кешірім сұраған.
Баланың анасы жағажай мен демалыс орындарында жүрген ата-аналарды мұқият болуға шақырды. Оның сөзінше, құмның астында ыстық көмір болуы мүмкін екенін сырттай байқау қиын.