Ақтауда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Маңғыстау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Жәрмеңкеге 30-ға жуық мекеме 800-ден аса бос жұмыс орны ұсынды. 60-қа жуық жас жұмыс берушілерден кеңес алып, түйіндемесін тапсырды.
Статистика бойынша жастардың 6 пайыз жұмыссыз. Жұмыссыздықты азайту үшін тоқсан сайын жәрмеңке өткізіп тұрамыз. Ол тек облыс орталығында ғана емес. Аудандарымыздың жастары үшін де мүмкіндік жасаймыз. Бүгін білім, мәдениет, құрылыс салалары бойынша, қалалық полиция, денсаулық сақтау басқармалары 100-200 мың арасындағы жалақымен жұмыс ұсынып отыр, – дейді Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Батырхан Қуанышбеков.
Екі қолға бір күрек іздегендердің бірі – ақтаулық Абзал Есен. Ол екі ай бойы жұмыссыз жүрген. Қазіргі таңда өзінің тәжірибесі мен біліктілігіне қарай бірнеше жұмыс беруші мекемемен сөйлесті.
Автомеханик мамандығы бойынша оқу бітірдім. Содан кейін Ақтау қаласында өз мамандығыммен емес, екі-үш жыл әкімші және тұтынушыларға қызмет көрсетуші болып жұмыс істедім. Жақында жұмыстан шыққаннан кейін бірден Жұмыспен қамту орталығына тіркелдім. Түрлі мамандық бар. Өз мамандығым бойынша емес осы уақытқа дейін істеп келген жұмысым яғни қызмет көрсету саласынан жұмыс іздедім. Сол іздегенімді тапқандаймын, – дейді ақтаулық Абзал Есен.
Сондай-ақ жастар күні аясында теңіз жағалауында бизнес жәрмеңке өтті. Онда 25 кәсіпкер өз өнімдерін көпшілікке ұсынды. Жастардың дені мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар арқылы кәсіп бастағандар.
Солардың бірі – Нұргүл Әлқуат ол қазақы нақыштағы "Көрік" дүкенінің иесі.
Жәрмеңкеде дүкен иесі таза былғарыдан жасалған өнімдерін жеңілдікпен ұсынды.
«Korik» дүкені 4 жылдан бері жұмсыс жасап келе жатыр. Қазіргі таңда біз теріден жасалған отандық өнімді жасаумен яғни сатумен айналысамыз. Біздің дүкенімізде әр түрлі теріден жасалған ерлерге арналған аяқ киімдер, белдіктер сонымен қатар, әйелдерге арналған сөмкелер, бас киімдер, тақиялар бар.
Халықаралық Жастар күніне орай, стратегиялық жоспарлау сессиясы өтті. Барлығы 60-қа жуық жастың басын қосқан жиында бірқатар жобалар таныстырылды. Соның ішінде креативті мектеп құру, жастардың шығармашылығын дамыту үшін арнайы орта қалыптастыру, балалардың телефонға тәуелділігін жою мақсатында "Smart school" қосымшасын іске қосу ұсынылды. Өңірдегі жұмыссыз жастар санын азайту мен теңізші мамандығына сұраныс арттыру мәселесі де аталды. Одан бөлек, белсенділер аймақтың бизнес картасын жасақтап, спорт, инфрақұрылым және туризм саласына да көңіл бөлу идеясын көтерді.