Ақтауда басына футбол қақпасы құлаған бала қайтыс болды
Ақтауда басына футбол қақпасы құлаған 16 жастағы жасөспірім қайтыс болды. Бұл туралы Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жасөспірім 20 мамыр күні кешке қарай 7 шағынаудандағы №9 мектеп жанындағы футбол алаңында достарымен ойнаған.
Ауыр металл қақпа құлағаннан кейін жігіт есін жоғалтқан. Ол Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілген.
Ол естен тану, басының ауырғанынан шағымданды. Баланың жалпы жағдайы түскен кезде бас ми жарақатына, ми шайқалуына байланысты ауыр, бірақ тұрақты болды. Тексере келе, дәрігерлер ауруханада жатып, ем алу қажеттігін айтып, жәсөспірім бала ауруханаға жатқызылды, - деп жазылған мәліметте.
24 мамырда кешке баланың анасы ауруханаға келген. 5-7 күн жатып ем алу керектігі айтылса да, анасы баланың жағдайы жақсы, дәрігерлерге ешқандай шағымы жоқ екенін айтып, қолхат жазып алып кеткен.
Жасөспірім 7 күн үйінде ата-анасының бақылауында болған.
31 мамырда үйінде жүрген сәтте есінен тану, құрысу ұстамасы болғандықтан қайтадан ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер қабылдау бөлімінде компьютерлік томаграфиямен бас миын тексеріп, инсульт белгілері бар екенін анықтаған. Комалық жағдайда жедел реанимация бөліміне жатқызылған. Жасөспірім 15 маусымда қайтыс болды, - деп жазылған баспасөз мәліметінде.