Ақтауда балаларға арналған эко буклеттер шығарылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облысының белсенділері эко-мәдениетті ерте жастан қалыптастыруға ниетті.
Бұл туралы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі хабарлады.
Экология тақырыптарына арналған буклеттер өңірде іске асырылып жатқан «EcoBatys» ауқымды бастамасы аясында басып шығарылды.
Жарқын буклеттерде қоршаған ортаны қорғау, қоқысты сұрыптау және бөлек жинау қажеттілігі туралы пайдалы ақпарат жинақталған.Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, «EcoBatys» бастамасының арқасында буклеттер шығарудан бөлек балабақшаларда эко-сабақтар өткізілді.
Қоғам белсенділері мектеп жасына дейінгі балаларға табиғатқа қамқорлық таныту керектігін, оның сұлулығын сақтау қажеттігін қызықты форматта түсіндіреді.
Жобаның басты міндеттерінің бірі – балалар мен жастарға экологиялық білім беру шараларына, эко-сабақтар мен экологиялық іс-шараларды ұйымдастыру арқылы балалардың шығармашылық қабілеттерін, танымдық белсенділігін ашуға жәрдемдесу . Біздің іс - шаралар аясында біз қоқысты жинап, оны көшеге тастамаудың маңыздылығын түсіндіреміз, - дейді жоба жетекшісі Гүлнар Жақаева.
Сонымен қатар, қоғам белсенділері өңірдегі экологиялық мәселелерді тек балалармен ғана емес, жастармен де талқылайды.Осылайша жоба аясында экологиялық плогингті өткізу жоспарланған. Плогингке қатысушала қашықтыққа жүгіріп қана қоймай, жолдағы қоқысты жинайтын болады. Ұйымдастырушылардың пікірінше, аталмыш іс-шара салауатты өмір салты және қоршаған ортаға деген қамқорлық сияқты екі заманауи тенденцияны үйлестіреді.
Сондай-ақ, өңірдегі 10 оқу орнында контейнерлер орнатылып, шикізатты (пластик пен макулатура) бөлек жинау ұйымдастырылмақ.Әлеуметтік жобаны «Ecobatys» бастамасы шеңберінде «Шелл Қазақстан» компаниясының және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «АСЕР» ҚБ жүзеге асырады.