14 Қыркүйек 2026, 18:07 Фото: «City Transportation Systems» ЖШС баспасөз қызметі

Ақтауда балалар жолақысын қымбат төлеп келген: Прокуратура араласты

Қоғамдық көлікте балаларға арналған жеңілдетілген тарифті қолдану мүмкін болмаған. Прокуратура араласқаннан кейін 10 мыңнан астам баланың құқығы қорғалды.

Ақтау прокуратурасы кәмелетке толмағандардың жол жүрудің жеңілдетілген тарифін пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етті.
 
Ақтау қаласының прокуратурасы жолаушылар тасымалы саласындағы заңдылықтың сақталуына талдау жүргізді.
 
Талдау барысында қоғамдық көліктерде кәмелетке толмағандарға арналған тариф бойынша QR-кодтардың болмағаны анықталды. Соның салдарынан балалар жолақысын жалпы тариф бойынша төлеуге мәжбүр болған.

Прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде жергілікті атқарушы орган кәмелетке толмағандарға арналған тарифті қолдану мүмкіндігін қамтамасыз етті, - деп хабарлады Маңғыстау облысы прокуратурасы.

Ақтау қаласы прокуратурасының қабылдаған шараларының нәтижесінде 10 мыңнан астам кәмелетке толмаған жолаушының құқықтары қорғалды.