2 Қыркүйек 2026, 22:54 Фото: BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Ақтауда ата-аналар екінші ауысымдағы сабақ кестесіне наразы

Білім бөлімінің мәліметінше, жекелеген мектептерде екінші ауысымдағы сабақтың сағат 20:05-те аяқталуы оқу жүктемесі мен жасалған кестеге байланысты.

Ақтауда екінші ауысымда оқитын балалардың ата-аналары сабақтың кеш аяқталуына шағымданды. Қаланың кейбір мектептерінде соңғы, жетінші сабақ сағат 20:05-те аяқталады, деп жазды Lada.kz.

Ақтау қалалық білім бөлімінің тәрбие жұмысы секторының меңгерушісі Гаухар Тілеуқұлованың айтуынша, 2026-2027 оқу жылында қалада 36 мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Оның 35-інде оқу екі ауысымда ұйымдастырылған.

Ал 17-шағынаудандағы №31 мектеп оқушылар санының көптігіне байланысты үш ауысымда жұмыс істейді. Қаланың басқа мектептерінде үшінші ауысымды енгізу жоспарланбаған.

Білім бөлімінің мәліметінше, жекелеген мектептерде екінші ауысымдағы сабақтың сағат 20:05-те аяқталуы оқу жүктемесі мен жасалған кестеге байланысты.

Сонымен қатар II және III тоқсандарда сабақ ұзақтығы 45 минуттан 40 минутқа дейін қысқартылады. Бұл екінші ауысымда оқитын балалардың сабағын ертерек аяқтап, үйіне уақытылы жетуіне мүмкіндік бермек.