Ақтауда әскери қызметші қайтыс болды: Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды
Істің тергелу барысы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы тарапынан бақылауға алынған.
2026 жылғы 17 ақпанда Ақтау гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметшінің қайтыс болуы тіркелді. Осы факт бойынша Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери-тергеу органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға орнына ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, Бас әскери прокурор және Ішкі істер министрлігінің Әскери-тергеу департаментінің бастығы барды. Қазіргі уақытта қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп, сараптамалар тағайындалған, - деп хабарлады Бас прокуратура.
Процессуалдық прокурор айқындалған, ал істің тергелу барысы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы тарапынан бақылауға алынған.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етілмейді.
Еске сала кетейік, Жамбыл облысындағы Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімде сарбазға күш қолданылып, оның жақ сүйегі сынған. Оқиғаға байланысты Әскери полиция қылмыстық іс қозғап, бірнеше лауазымды тұлға қызметінен шеттетілді. Тергеу жүріп жатыр.
Сол Отардағы әскери бөлімде соққыға жығылып, ауыр жарақат алған сарбазды екі апта бойы жеке пәтерде ұстап, туыстарынан жасырған. Оның әпкесі әлеуметтік желіде ресми мәлімдеме жасады.