Toyota көлігі мен пәтер: Ақтауда алимент төлемегендердің мүлкі тәркіленді
Бір азаматтың 25,5 млн теңгелік Toyota Land Cruiser көлігі, тағы бір борышкердің пәтердегі үлесі өндіріп алушыларға берілді.
Ақтауда алимент бойынша берешегі бар азаматтардан 134,8 млн теңге өндірілді. Қарызды өтеу үшін борышкерлердің екі пәтері, бір жер телімі және үш автокөлігі өндіріп алушыларға берілген. Бұл туралы Маңғыстау облысының прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Прокуратураның бастамасымен жыл басынан бері алимент алушылардың пайдасына 134,8 млн теңге өндірілген.
Соның ішінде бір азаматтың алимент бойынша берешегі 37,8 млн теңге деп анықталған. Тексеру кезінде оның атына Toyota Land Cruiser автокөлігі тіркелгені белгілі болды. Жеке сот орындаушысы көлікті 25,5 млн теңгеге бағалап, алимент бойынша қарызды өтеу есебінен өндіріп алушыға берген.
Тағы бір жағдайда борышкерге тиесілі пәтер үлесі 13,4 млн теңгеге бағаланып, қарызды өтеу үшін өндіріп алушының меншігіне берілген.
Сонымен қатар табысын жасырып, ата-аналық міндеттерін орындаудан жалтарған 46 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал 11 борышкерге қатысты қылмыстық істер тіркелген.
Прокуратура алимент төлеу – заңмен бекітілген міндет екенін еске салып, берешекті төлеуден жалтарған азаматтар жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
Тағы оқи отырыңыз: 200 млн теңге өндірілді: Атырауда алимент төлемеген 154 адам жауапқа тартылды