Ақтауда 300 эколог бас қосты
Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақтауда елдегі 180-нен астам компанияның 300-ден астам экологы басқосқан конференция өтті. Басты тақырып - елдегі кәсіпорындар мен өндіріс орындарынан шығатын көмірқышқыл газын азайту.
Елдегі Қоршаған ортаны қорғауға арналған конференцияда ірі кәсіпорындар мен мұнай-химия зауытының экологтары қоршаған ортаны қорғауға әсер ететін алдыңғы қатарлы тәжірибелерімен бөлісті. Ал экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев қоршаған ортаны қорғауда озық технологияларды қолданудың маңызына тоқталды.
Өткен жылы уақыт талаптары мен халықаралық тәжірибені ескере отырып Экологиялық кодекс жаңартылды. Негізгі бағыттардың бірі - ең озық қолжетімді технологияларды енгізу, қоршаған орта сапасын нормалауға бағдар беру, үздік халықаралық тәжірибелер негізінде экологиялық талаптарды қатаңдату. Бүгінгі таңда әлемдік қоғамдастық ең озық қолжетімді технологияларды қолдануды негізге ала отырып, қоршаған ортаның ластануын болғызбау қағидатын ұстанады- деді экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев .
Конференция қатысушылары энергия тиімділігін арттыру, қоршаған ортаға келетін зиянды азайтатын озық технологиялармен және жаңа "жасыл" жобалармен де танысты. Ал аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев жиында көтерілген мәселелердің облыс үшін өзекті екенін айтты.
Бүгінгі кездесу жаһандық мәселелерді талқылауға мүмкіндік беріп отыр. Біз прогресті тоқтата алмаймыз, бірақ ғылым мен техниканың барлық жетістіктерін қолдана отырып, қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтып, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтай аламыз. Қоршаған ортаны қорғау - әрқайсымыздың басты міндетіміз. Бүгінгі сарапшылар көрсеткен озық тәжірибелер өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал ететініне сенемін –деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Сондай -ақ конференция барысында "Электрондық қалдықтарды тиімді қайта өңдеу - дөңгелек экономикаға қадам", "Ағынды суларды тазарту мәселелері: жағдайы мен болашағы", "Су айналымының үлесін арттыру есебінен су ресурстарын ұтымды пайдалану" тақырыбындағы баяндамалар тыңдалды.