10 Қазан 2026, 23:55 Фото: depositphotos.com

Ақтауда 14 жасар бала тұрғын үйдің кіреберісінде ұйықтаған: Жағдай бақылауға алынды

Оған психологиялық қолдау көрсетіліп, анасымен түсіндірме әңгіме жүргізілді.

Маңғыстау облысының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы мен психологиялық қолдау орталығының мамандары Ақтауда тұрғын үйдің кіреберісінде ұйықтап жатқан баланың отбасына барып, жағдайды зерделеді. Бұл туралы Lada.kz басылымы хабарлады.

Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта баланың жағдайы жақсы. Оған психологиялық қолдау көрсетіліп, анасымен түсіндірме әңгіме жүргізілді.

«Қазіргі уақытта жауапты мамандар мен отбасы арасында тұрақты байланыс орнатылған. Баланың жағдайы бақылауда. Кәмелетке толмағанның психологиялық жағдайын қолдау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр», – деп хабарлады басқарма.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Ақтаудағы тұрғын үйдің кіреберісінде еденде ұйықтап жатқан баланың суреті тараған болатын. Жарияланым қала тұрғындарының алаңдаушылығын туғызып, жағдайға тиісті қызметтер араласты.

Алдын ала мәлімет бойынша, бала 8 қазан күні кешке ойнауға үйден шыққан. Сағат 22:30 шамасында анасы оны ауладан көрген. Кейін белгілі болғандай, бала досын күтіп отырып, екінші қабатта ұйықтап кеткен.