Ақтау тұрғындары маңызды дәрілік препараттың тапшылығына шағымдануда

Ақтаудағы дәріханаларда жүрек ауруларын емдеуге арналған маңызды дәрілік препарат "Кордаронның" тапшылығы байқалуда. Тұрғындар бұл жағдай бірнеше айдан бері жалғасып келе жатқанын айтып, мәселенің шешілуін сұрап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Қала тұрғыны Евгений Сахаровтың айтуынша, 200 мг мөлшеріндегі венгриялық «Кордарон» үш айдан бері дәріхана сөрелерінен жоғалып кеткен.

Бұл – жүрек аритмиясының барлық түрінен зардап шегетін науқастарға арналған маңызды дәрі. Маған оны 10 жыл бұрын қолдау терапиясы ретінде тағайындаған. Бұрын 4 мың теңгеге сатып алатын едім, қазір сирек кездеседі және бағасы 13,5 мың теңгеге дейін қымбаттады. Қазір оны тек Қырғызстандағы таныстарым арқылы алып отырмын. Мұндай жағдайға сену қиын, – дейді Сахаров.

Маңғыстау облысының Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің мәліметінше, бұл препаратты жеткізуге жеке компаниялар жауапты, себебі «Кордарон» тегін және жеңілдікті амбулаториялық дәрі-дәрмек тізіміне кірмейді.

Департамент басшысы Нұрсұлу Мұхамбетиярова түсіндіргендей, дәрі-дәрмек тапшылығы өндіруші мен жеткізушілер арасындағы баға келісімінің болмауынан туындаған.

Жеткізушілер өндірушімен көтерме баға туралы ортақ келісімге келе алмай отыр. Біз қазір өндірушінің Қазақстан нарығына жаңа, төмендетілген бағамен жеткізу туралы шешімін күтіп отырмыз. Егер келісім бекітілмесе, «Кордарон» елімізге жеткізілмеу қаупі бар, – деді Мұхамбетиярова.

Мамандардың айтуынша, бұл жағдай тек Маңғыстау облысында ғана емес, басқа өңірлерде де байқалуы мүмкін. Ал тұрғындар өмірлік маңызды дәрінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Үкімет пен Денсаулық сақтау министрлігінен нақты шаралар қабылдауды сұрап отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы