Ақтау теңіз порты маңында тепловоз бен жүк көлігі соқтығысты
Маңғыстау облысында Ақтау теңіз портының кірме теміржолындағы күзетілмейтін әрі реттелмейтін өткелде «МАЗ» жүк көлігі тепловозбен соқтығысты.
Апат 2 қараша күні сағат 16:55-те болған. Жүк көлігінің жүргізушісі сағатына шамамен 5 шақырым жылдамдықпен резервтік режимде келе жатқан тепловозға жол бермеген.
Соқтығыс салдарынан тепловозға елеулі техникалық зақым келген. Оқиға туралы Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөліміне хабарланған.
Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін бұзуы себеп болған.
Теміржол өткеліндегі қауіпсіздік әрбір жүргізушінің тәртібіне байланысты. «Қазақстан темір жолы» жүргізушілерді теміржолды кесіп өту кезінде мұқият болуға, жол белгілері мен сигналдарының талаптарын сақтауға және теміржол көлігіне жол беруге шақырады, – делінген компанияның хабарламасында.
Компанияның баспасөз қызметі оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ екенін мәлімдеді.