Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданын сел басты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облысының тұрғындарын екі күн бойы толассыз жауған нөсер әбден титықтатып тастады. Себебі, екі тәулікте төге салған 7 айлық мөлшердегі жауын-шашынның салдарынан алапат сел жүрген-ді.

Кеше Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданының тұрғындары топан судың астында қалғандарын айтып шулады. Өйткені, қаланың өзінде көпқабатты үйдің төбесінен шелектеп аққан су бөлмелерден лақ етіп, сатылардан сарылдап жатыр.

Көшелерде де жоқ жерден көлшіктер пайда болып, көліктер сонда қалған. Суы табанында ғана жататын каналдар да ернеуінен асып, жұртқа қауіп төндірді.

Ал Мұнайлы ауданында 4 көше мен 8 үйдің ауласы суға толды. Тасқын салдарынан көлік қатынасы да қиындаған. Алайда, селден адамдар зардап шеккен жоқ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы