Ақтау мен Таразда қарудың заңсыз айналымының жолы кесілді
Аталған қылмысты жасады деген күдікпен республикамыздың бес тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2023 жылғы 10-12 маусымда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жедел қызметкерлері «А» арнайы мақсаттағы қызметінің күштік қамтамасыз етуімен Ақтау және Тараз қалаларында қарудың заңсыз айналымы арнасының жолын кесу бойынша арнайы операция жүргізді.
Аталған қылмысты жасады деген күдікпен республикамыздың бес тұрғыны ұсталып, оның екеуі тергеу оқшаулағышына қамалды. ҰҚК қызметкерлері ұзақ уақыттық зерделеу барысында ату қаруы мен оқ-дәріні әкелу және сату жолдарын құжаттап алған. Сотқа дейінгі тергеу фигуранттары құпиялық шараларын қатаң сақтап келген және саудалау барысында әртүрлі амалдарды қолданған. Арнайы операция нәтижесінде заңсыз айналымнан екі «Калашников» автоматы және 100 бірлік оқ-дәрі тәркіленді, - делінген ведомство мәліметінде.
Жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда.