Бүгiн 2026, 07:52 Фото: Lada.kz

Ақтау маңында аққулардың жаппай қырылуы тіркелді

Ақтауда 25 наурыз күні Сайын Шапағатов ауылындағы жағалаудан 11 аққудың өлексесі анықталған.

Ақтау қаласына жақын орналасқан Сайын Шапағатов ауылында аққулардың жаппай қырылуы тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Каспий теңізінің жағалауынан өлі құстарды режиссер Қанат Майлыбаев байқап қалған. Оның айтуынша, ол досына қонаққа келіп, үй теңізге жақын болғандықтан серуендеуге шыққан. Сол кезде ол жан түршігерлік көрініске тап болған.

Мүмкін, мені осы сұмдықты көру үшін Құдайдың өзі жіберген шығар. Қатты шошыдым – мұнша көп өлі құсты бұрын-соңды көрмеппін, – дейді ол.

Режиссердің сөзінше, табылған құстардың арасында жаңа өлгендері де, біраз уақыттан бері жағалауда жатқан аққулар да болған. Сонымен қатар, бұл маңда адамдар да, оқиғаға назар аударған белгілер де болмаған.

Сірә, ол жаққа ешкім бармайды – жақын маңда үйлер жоқ. Бірде-бір адамды кездестірмедім. Оның үстіне теңіз қатты тартылып кеткен, мүмкін сондықтан адамдар келмейтін шығар, – деді Майлыбаев.

Ол жағалаумен әрі қарай жүрмегенін, алайда алыстан тағы да көп өлі аққуларды көргенін айтты.

Бұл жағдай дабыл қағуды қажет етеді. Бұл мүлде шектен шыққан нәрсе — жыл сайын итбалықтар, аққулар және басқа да құстар саны күрт азайып барады, – деді ол.

Оқиғаға байланысты облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы пікір білдірді.

Ведомствоның мәліметінше, 25 наурыз күні Сайын Шапағатов ауылындағы жағалаудан 11 аққудың өлексесі анықталған. Барлық құстар белгіленген тәртіппен жойылған.

Сонымен қатар, мамандар жағалауда құстардың жаппай қырылуы тіркелмегенін атап өтті.

Қазіргі таңда Түпқараған ауданы мен Ақтау қаласының жағалау аймақтарына мониторинг жүргізілуде. Жағдай туралы уәкілетті органдарға хабар беріліп, тиісті қызметтер жұмыс істеуде.

Сондай-ақ Қарақия-Қаракөл қорығы аумағындағы Қаракөл көлінде құстардың қырылу фактілері тіркелмегені нақтыланды.