Ақтау әуежайында шетел валютасын контрабандалық жолмен алып өтпек болған ер адам ұсталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтау халықаралық әуежайында шетел валютасын контрабандалық жолмен әкетпек болған ер адам ұсталды. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті хабарлады.
Күдікті «Әуежай-Ақтау» кеден бекетінің және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлері «Ақтау – Құтаиси» халықаралық әуе рейсін кедендік бақылау барысында жүзеге асырған кезде ұсталды.
Кедендік ресімдеу барысында ұсталған азамат ауызша түрде қолма-қол шетел валютасын декларациялаудың қажеттілігі жоқ екенін мәлімдеді. Алайда тексеру барысында одан 15650 АҚШ доллары көлемінде декларацияланбаған шетел валютасы табылып, тәркіленді.
Аталған факті бойынша 551-баптың 3-бөлігі «Жеке тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін және жазбаша декларациялауға жататын ақша қаражаты мен ақша құралдарын Декларацияламауы не дұрыс декларацияламауы» бойынша әкімшілік іс қозғалды және 10 АЕК сомасында айыппұл салынды. Ақша иесіне қайтарылды.
Ведомство таратқан мәліметке сәйкес, валюта бағамы 10 мың АҚШ долларынан асқан жағдайда қолма-қол ақша қаражаты мен жол чектері кедендік декларациялануы тиіс.