Кеше 2026, 23:28 Фото: freepik

Ақтау әуежайына RA3 еуропалық мәртебесі берілді

Әуежай өкілдерінің мәлімдеуінше, RA3 мәртебесінің стратегиялық маңызы зор.

Ақтау халықаралық әуежайы авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растау мақсатындағы валидация рәсімінен сәтті өтіп, RA3 (Regulated Agent Third Country) мәртебесіне ие болды, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Валидацияны Еуропалық Одақтың авиациялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті валидаторы ЕО талаптарына сәйкес жүргізген. RA3 мәртебесі әуежайдың экспорттық жүктерді өңдеу кезіндегі авиациялық қауіпсіздік жүйесі Еуропалық Одақ стандарттарына толық сай келетінін білдіреді. Әуе айлағына ЕО-ның ресми дерекқорына енгізілген KZ/RA3/00006-01 бірегей тіркеу нөмірі берілді.

Аталған мәртебе бірқатар маңызды артықшылық ұсынады:

  • Еуропалық Одақ елдеріне тікелей жүк тасымалын жүзеге асыру мүмкіндігі;
  • жүк өңдеу уақытын қысқарту және логистикалық тізбектерді оңтайландыру;
  • серіктестердің операциялық және қаржылық шығындарын азайту.

Әуежай өкілдерінің мәлімдеуінше, RA3 мәртебесінің стратегиялық маңызы зор. Бұл қадам Ақтау әуе айлағының Каспий теңізі мен Орталық Азия өңіріндегі негізгі логистикалық хаб ретіндегі позициясын нығайтады. Сонымен қатар, авиакомпаниялар және жүк операторларымен ынтымақтастық аясын кеңейтіп, халықаралық көлік дәліздерін дамытуға және Қазақстанның сыртқы экономикалық байланыстарын арттыруға ықпал етеді.