Ақсу қаласындағы жаңа қазандық қысқа дайын емес
Ақсу қаласындағы жаңа қазандық қаланы жылытуға тағы дайын болмай шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ Павлодардағы тілшісі.
Стратегиялық нысанды салу жобасы осыдан жеті жыл бұрын әзірленіп, 2019 жылы қолданысқа берілуі тиіс еді. Дегенмен, құрылыс жұмыстары кешеуілдеп, жобада олқылықтар анықталды. Оған қоса, қазандықты салу үшін қосымша 700 млн теңге қажет болды.
Айта кетейік, қазандық бес жыл бойы салынды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Салхановтың айтуынша, Ақсу қаласын жылумен қамтуда мәселе туындамайды.
Бұрынғы жылу қазандығын биыл іске қосу бойынша келіссөздер жүргізілді. Бастапқыла шаһардың 40%-ын жаңа қазандық, ал қалған бөлігін ескі іқазандық жылытады деп жоспарланған. Жаңа нысанның құрылысы аяқталған соң оны жергілікті әкімдіктің меншігіне береміз. Жалпы, қазандықтың дайын болмауына мердігер ұйым жауапты. Бастапқыда көмір беру бойынша проблема болғаны белгілі. Қазіргі уақытта шешімін тапты. Енді күлді шығару мәселесі тұр. Қазіргі уақытта мердігер ұйым күлді үгіткіш құралға тапсырыс берді. Ол қазанның оны күні әкелінеді, - дейді Ержан Салханов.
Мамандардың айтуынша, жоба қателіктермен әзірленді деуге ерте. Себебі, жобадалы олқылықтар қазандықты іске қосу барысында пайда болуы мүмкін.
Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбиновтың хабарлауынша, шаһардағы жылу тарату нысандарында жоспарлы жөндеу жұмыстары аяқталды.
Жылу беру желілеріндегі жөндеу шаралары да өз уақытында аяқталды. Бүгінгі күні 263 көпқабатты үйдің барлығы жылу қабылдауға дайын. Әлеуметтік мекемелерді жылыту үшін 10 мың тоннаға жуық көмір бар. Қазіргі уақытта білім беру және денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандарына көмір тасымалданып жатыр. Халықты қатты отынмен қамтуда да кедергілер болмауы тиіс. Халық Майкөбе және Қаражыра кеніштердің көмірін екі базадан сатып ала алады. Отынның бір тоннасы өткен жылдағыдай, 15 мың теңге тұрады. Қала бойынша жарты тонна көмір алған кезде қажетті мекенжайға тегін жеткізіп алуға мүмкіндік бар. ал ауыл халқы бірден 5 тоннаны сатып алса, тегін жеткізіледі, - дейді Нұрлан Дүйсенбинов.