Ақсу ауылының тұрғындары алтын кен орнының ашылуына қарсы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысындағы Ақсу елді мекенінің тұрғындары аяқ астында жатқан алтынның зардабын тартып отыр.
КТК телеарнасының хабарлауынша, құнды металдың ашық әдіспен өндірілгені өз алдына, өңделгеннен кейінгі қалдықтар ауыл іргесіне төгіліп, жайылымдарды жарамсыз еткен. Бұған дейінгі кеніштердің кесіріне мойынсұнып келген жұрттың енді тағы бір кен орны ашылады дегенде шыдамы таусылған. Жан саулығына алаңдаған олар қандай да бір жұмыстың жүргізілуіне түбегейлі қарсы.
Алайда, қазір өндіріс орны сайланып жатыр. Алтын өндіруші компания 2015 жылдан бері барлау жүргізіп, 12 метр тереңдікке дейін қазып тастаған. Қазір ойық еріген қар мен жаңбыр суына толып тұр. Оны фабрика іске қосылғанда түбінде тұнып тұрған жынысымен қоса сорғы құбырлармен тартып, өңдеуге пайдаланады. Ал қалдықтары ауыл іргесіне үйіледі. Мәселенің мән-жайын ұқтырмақ болған алтын өндіруші компания тілшілерді кеңсесіне шақырып, болашақ кеніштің, қалдық төгетін жердің және фабриканың электронды сызбасын көрсетті. Бір бума құжатты парақтап, ақ-адал екендігін тәмпіштеп түсіндірді. Қоғамдық тыңдаудағы кілтипанның сырын да директор өзінше баяндап берді.
Қоғамдық тыңдауға қатысатын адамдарды таңдау құқым жоқ. Өткен тыңдаулар жайлы жергілікті газеттерге жариялап, әрі хабарландыруларды Ақсу ауылы бойынша ілдік. Ауылдың әр тұрғынын қоғамдық тыңдауға жүріңіз деп жетектеп жүру міндетіме кірмейді. Келгісі келгендер қатысты, - дейді алтын өндіру компаниясының директоры Сергей Хайбер.
Бірақ, Ақсу тұрғындары қоғамдық тыңдауды қайта өткізіп, қазба жұмыстарын тоқтатуды талап етіп отыр. Ал министрліктердің мөрі басылған бума-бума құжаттарына сенген компания "бәрі заңды" деуден таймады.