Бүгiн 2026, 15:28 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Ақшаны қай валютада сақтаған дұрыс? – Сүлейменов кеңес берді

Ұлттық банк төрағасы доллар бағамы туралы пікір білдіріп, жинақ ақшаға қатысты кеңес берді. Оның сөзінше, қазіргі жағдай тұрақты, ал бағамда айтарлықтай секірістер болжанбайды.

Ұлттық банк төрағасы доллар бағамы туралы пікір білдіріп, жинақ ақшаға қатысты кеңес берді. 

Бағамның күрт ауытқуы күтіле ме?

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстанда доллар бағамының күрт өзгеруі күтілмейтінін айтты.

Оның сөзінше, қазіргі жағдай тұрақты, ал бағамда айтарлықтай секірістер болжанбайды.

Қазіргі жағдайға қарап, біз күрт қозғалыстарды күтпейміз. Яғни, не күрт өсім, не төмендеу болмайды деп отырмыз. Бірақ тағы да қайталаймын, Ұлттық банк доллар бағамын реттемейді, – деді Сүлейменов Мәжіліс кулуарында.

Ол теңге бағамы нарықтық факторлардың әсерімен қалыптасатынын түсіндірді. Олардың қатарында мұнай бағасы мен импорт көлемі бар.

Сонымен қатар Ұлттық банк басшысы мұнай бағасының жоғары болуы валюталық түсімнің артуына ықпал етіп, ұлттық валютаны нығайта алатынын атап өтті.

Ал ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асуына байланысты шетел валютасына сұраныс артып отыр.

Сүлейменовтің айтуынша, бұл факторлар жалпы алғанда бірін-бірі теңестіріп тұр.

Теңгені долларға айырбастау керек пе?

Ол азаматтардың жинақ ақшасына қатысты да пікір білдірді.

Долларды жинақ құралы ретінде қарастырудың қажеті жоқ. Бұл бұрынғыдай емес. Жинақ құралы ретінде теңгелік құралдар болуы тиіс, – деді ол.

Ұлттық банк басшысы қазақстандықтарға ұлттық валютаға бағдарлану керектігін айтты.

Біз Қазақстанда өмір сүреміз, Қазақстанда шығын жасаймыз, табыс табамыз. Сондықтан бізге шетел валютасы тек шетелге шыққанда ғана қажет, – деп атап өтті Сүлейменов.

Ол теңгеге деген сенім оның тұрақтылығына тікелей әсер ететінін қосты.

Өз валютамызға қаншалықты көп сенсек, ол соншалықты мықты болады, – деп түйіндеді Ұлттық банк басшысы.

Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк басшысы доллардың арзандауы теңгеге қалай әсер ететінін түсіндірді.