"Ақшаны бояу" бойынша пилоттық жобалар іске қосылды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте Президенттің цифрлық теңгенің көмегімен бюджет қаражатын игеру процесінде «ақшаны бояу» пилоттық жобаларын масштабтау жөніндегі тапсырмасын іске асыру талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кеңесті ведомство басшысы А.Жұмағали Қаржы министрі М.Такиевтің, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Б.Шолпанқұловтың, көлік, өнеркәсіп және құрылыс, ауыл шаруашылығы, цифрлық даму вице-министрлерінің, сондай-ақ өңірлер әкімдерінің орынбасарлары мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен мемлекеттік кәсіпорындар басшыларының қатысуымен өткізді.

Өздеріңіз білетіндей 7 ақпан күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы цифрлық теңгенің көмегімен ақшаны таңбалау және қадағалау жөніндегі жобаларды масштабтауды тапсырған болатын.

Осы бағытта бюджет қаражатын игеру үдерістерінде «ақшаны бояу» тетігін енгізу Президент Жарлығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасына негізделді.

Бұл тетік Ұлттық банк пен Қаржы министрлігінің Қазынашылығымен өзара іс-қимыл жасай отырып енгізетін «цифрлық теңге» платформасы негізінде іске асырылатын болады.

Әрине, цифрлық теңге – жымқыруға жол бермеудің маңызды, прогрессивті құралы. Оны енгізу бюджет қаражатын тиімді, мақсатты пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл – біздің басты міндетіміз, – деп атап өтті агенттік төрағасы.

«Ақшаны бояуды» пилоттық енгізуді іске асыру үшін жемқорлыққа неғұрлым бейім салалардың бірі ретінде – жол салу, ӘКК-нің бөлінген қаражатын пайдалану және ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуды субсидиялау айқындалды.

Пилоттық сынақтан өткізу Республикалық маңызы бар жолдардың жекелеген учаскелерінен, облыстық ӘКК-нің бірінен және «ҚазАгроҚаржы» АҚ бөлетін инвестициялық субсидиялар бойынша басталады.

Кеңеске қатысушылар жобалардың егжей-тегжей мәселелерін, платформа жұмысының техникалық аспектілерін және «боялған ақшаны» қадағалау мүмкіндіктерін талқылады, сондай-ақ әр кезеңнің нақты орындаушылары мен мерзімдерін анықтады.

Іс-шара қорытындысы бойынша барлық мүдделі тарап Жол картасын бекітті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жобаның іске асырылу барысы туралы үнемі хабардар етіп отырады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі
Өзгелердің жаңалығы