Ақшалай төлем немесе материалдық қолдау: eGov Mobile-да тағы бір қызмет іске қосылды
Енді өтінішті тікелей смартфон арқылы рәсімдеуге болады.
Өмірлік қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар енді eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы әлеуметтік көмек алуға өтініш бере алады. Бұрын мұндай мүмкіндік тек eGov.kz порталында ғана қолжетімді болса, енді өтінішті тікелей смартфоннан жіберуге болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ға сілтеме жасап.
Әлеуметтік көмек – бұл жергілікті атқарушы органдардың өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтардың жекелеген санаттарына көрсететін ақшалай төлемі немесе материалдық қолдауы. Қызметтің мобильді форматқа өтуі мұндай көмекті алуды барынша қарапайым әрі ыңғайлы етеді. Өтінішті кез келген уақытта және кез келген жерден беруге болады, ал процесс небәрі бірнеше минутты алады.
Мәслихаттардың шешімі бойынша әлеуметтік көмек қосымша қолдауға мұқтаж азаматтарға, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар аурулары бар адамдарға, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын қарттарға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған тұлғаларға, сондай-ақ табысы төмен отбасыларға беріледі.
Өтініш беру процесі де барынша автоматтандырылған. Өтінім беру кезінде деректердің бір бөлігі мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде жүктеледі, бұл рәсімдеуді жеңілдетіп, қателіктердің алдын алуға мүмкіндік береді. Тәжірибе көрсеткендей, тек 2025 жылдың ішінде eGov.kz порталы арқылы 7 000-нан астам өтініш келіп түсті, - деп атап өтті «Ұлттық апараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Дәулет Бекманов.
Қызметті пайдалану үшін пайдаланушыға келесі қадамдарды орындау қажет:
eGov Mobile мобильді қолданбасына кіріп, «eGov мемлекеттік қызметтер» — «Арнайы қызметтер» бөліміне өту;
«Жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау» қызметін таңдап, барлық қажетті деректерді толтыру;
Қолжетімді әдістердің бірімен қызметке қол қою;
«Қызметтер тарихы» бөлімінде өтінімнің өңделуі туралы хабарламамен танысу.
Қосымша мәліметтер:
Өтініш берілгеннен кейін оны уәкілетті орган қарастырады. Шешім отбасының табыс деңгейі мен басқа да белгіленген критерийлерді ескере отырып қабылданады.
Қарау мерзімі: 8 жұмыс күніне дейін.
Қызмет нәтижесі: Әлеуметтік көмек тағайындау туралы хабарлама немесе дәлелді бас тарту.
Қызмет құны: Тегін көрсетіледі.