Алматыда істемеген жұмыс үшін ақша алып келген қылмыстық топ қолға түсті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында ақшаны заңсыз қолма-қолға айналдырумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді. Бұл туралы ҚР ҚМ ҚМК баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында құқыққа қарсы іс-әрекетті жүзеге асыратын қылмыстық топты анықтады.
Тергеу жұмыстары барысында ҰҚТ мүшелерінің 2019 жылғы наурыз айынан қазіргі уақытта дейін іс жүзінде жұмыстарды орындамай, қызметтерді көрсетпей және тауарларды тиеп-жүктемей шот-фактураларды ресімдеу жолымен заңсыз ақша қаражатын 15-тен аса жалған кәсіпорындар арқылы қолма-қолға айналдырғаны белгілі болды.
Салық төлемеу түрінде мемлекетке келтірілген залал көлемі шамамен 3 млрд теңгеден астам соманы құрайды.
Тінту жүргізу барысында мөр, ноутбук, принтер, бухгалтерлік құжаттама және жаңа жасалған шарттардың жобалары алынды.
Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, ҰҚТ ұйымдастырушыларын қамауда ұстау түріндегі жолын кесу шарасы қолданылды.
ҚР ҚК 216-бабына сәйкес іс жүзінде жұмыстарды орындамай шот-фактураларды ресімдеу әрекетін жасағаны үшін мүлкін тәркілеп мерзімі 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, - делінген хабарламада.