«Ақша менің Ұлданамды қайтармайды»: Қаза тапқан фельдшердің анасы сотта сөйледі
Астанада ғимарат қасбеті опырылған кезде қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдананың анасы сот жарыссөзінде сөз сөйледі. Ол сотталушыдан ақшалай өтемақы талап етпейтінін айтып, кінәсі дәлелденген жағдайда бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сотта сөйлеген әйел қаза тапқан қызы туралы айту өзіне ауыр екенін жеткізді. Ол сотқа кек алу үшін келмегенін және сот шешімі шықпай тұрып ешкімді кінәлағысы келмейтінін атап өтті.
Мен сот залына біреуден кек алу немесе біреуді айыптау үшін келген жоқпын. Ешкімге «Сен кінәлісің» деп отырған жоқпын. Мұнда моральдық өтемақы үшін де тұрған жоқпын. Оны талап еткен емеспін, қазір де талап етпеймін. Ақша менің Ұлданамды қайтармайды. Ешқандай өтемақы оның күлкісі мен дауысын қайтара алмайды. Мен Ұлданамның өмірін ақшамен өлшей алмаймын. Мен шындық пен әділдік сұраймын, - деді марқұмның анасы.
Оның айтуынша, отбасы үшін соттың оқиғаның мән-жайын жан-жақты зерттеп, заңға сүйеніп шешім қабылдауы маңызды.
Егер Сәуле Жұбаниязованың әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмаса, оны жауапкершіліктен босатуды сұраймын. Өйткені Сәуле Жұбаниязова да ана. Мен де анамын. Оның екі баласы бар. Мен қызымнан айырылдым, бірақ оның балалары анасы тірі бола тұра, одан айырылғанын қаламаймын, - деді жәбірленуші.
Сонымен бірге әйел сотталушының кінәсі дәлелденсе, оған бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Марқұмның анасы Ұлдананың бала кезінен өмірін медицинамен байланыстырғысы келгенін және фельдшер мамандығын саналы түрде таңдағанын да айтты. Қайғылы оқиға болған күні бойжеткен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қызметтік шақырту бойынша оқиға орнына барған.
Ол адамдар үшін, өз жұмысы аясында кәсіби борышын өтеп, азаматтарға көмек көрсету үшін барды, - деді қыздың анасы.
Оның айтуынша, Ұлдана көрсеткен ерлігі үшін қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Сөзінің соңында марқұмның анасы соттан қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, әділ шешім шығаруды тағы да сұрады.
Егер сот оны кінәлі деп таныса, Сәуле Жұбаниязоваға бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұраймын, - деді ол.