Ақша бар, еркіндік жоқ: Өңірлердің қаржылық дербестігі неге баяу дамуда?
Жергілікті бюджеттердің кірісі өсіп, салық түсімдері жоспардан артық орындалғанына қарамастан, Қазақстан өңірлерінің қаржылық дербестігі бұрынғы деңгейде қалып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёвтың айтуынша, кірістердің тұрақты өсуіне қарамастан, донор өңірлердің саны айтарлықтай артпай отыр. Оның сөзінше, жүйелі мәселелер аймақтардың тең жағдайда дамуына және орталыққа тәуелділікті азайтуына мүмкіндік бермей отыр.
Биылғы жылдың қорытындысы бойынша өңірлердің басым бөлігінде бюджеттің кіріс бөлігі шамамен 2 триллион теңгеге артық орындалады деп күтілуде. Бұл, әрине, жақсы көрсеткіш, оң сигнал. Алайда 2028 жылға дейінгі болжамға сәйкес, донор өңірлердің саны іс жүзінде өзгермейді. Қазір бар болғаны үшеу – Атырау облысы, Алматы және Астана. Оларға тек Маңғыстау облысы қосылады деп жоспарланып отыр. Тіпті Павлодар облысы да донор мәртебесіне емес, тек өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне жете алады. Сонда осындай ауқымды кіріс өсіміне қарамастан, неге донорлар саны көбеймейді? Өңірлердің қаржылық дербестігі неліктен баяу артып жатыр?, – деп сұрады депутат Пономарёв Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен.
Жауап берген Жұманғариннің айтуынша, өңірлердің дамуы біркелкі емес, ал кіріс өскен сайын шығыс та артып келеді.
Бізде кірістер көбейгенімен, шығындар да қатар өсіп отыр. Ел үлкен, аймақтар тарихи тұрғыда әртүрлі дамыған. Өңірдің донорға айналуы – бұл ұзақ процесс. Біз бұл өсуді күштеп жеделдетуге тырыспаймыз, – деді ол.
Вице-премьердің сөзінше, мұнда шешуші рөлді жергілікті атқарушы органдардың жұмысы атқарады.
Біз барлық тұрақты салық түрін жергілікті деңгейге бердік. Биыл акциздерді де көбейтіп, өңірлерге бағыттадық. Даму деңгейі – жергілікті жерлердің салық базасын қаншалықты тиімді кеңейте алатынына байланысты. Ал субвенциялар – бұл өңірдің қажеттілігі мен кірісінің арасындағы айырманы жабуға арналған тетік, – деп түсіндірді Серік Жұманғарин.
Айтуынша, өңірлердің қаржылық әлеуеті ең алдымен ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына байланысты болады.
Қазір Алматы облысында Alatau City жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бүкіл өңір мен Алматы агломерациясының дамуына зор серпін береді. Болашақта донор аймақтардың қатарына Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары қосылады деп күтіп отырмыз. Мұның барлығы қазіргі іске асып жатқан инвестициялық жобаларға байланысты, – деді министр.