Бүгiн 2026, 08:18 Фото: википедия

АҚШ Жоғарғы соты Трамптың азаматтыққа қатысты жарлығын жарамсыз деп таныды

Сот Трамптың екінші президенттік мерзімінің алғашқы күні қол қойған жарлығы АҚШ Конституциясының 14-түзетуіне қайшы келеді деп шешті. Бұл түзету АҚШ аумағында дүниеге келген адамдардың басым көпшілігіне автоматты түрде азаматтық алуға кепілдік береді.

Америка Құрама Штаттарының Жоғарғы соты президент Дональд Трамптың туу арқылы азаматтық алу құқығын шектеуге бағытталған әрекетін тоқтатып, тиісті жарлықты заңсыз деп таныды.

NBC News мәліметінше, шешім судьялардың 6 дауыспен 3-ке қарсы дауыс беруі арқылы қабылданды. Сот Трамптың екінші президенттік мерзімінің алғашқы күні қол қойған жарлығы АҚШ Конституциясының 14-түзетуіне қайшы келеді деп шешті. Бұл түзету АҚШ аумағында дүниеге келген адамдардың басым көпшілігіне автоматты түрде азаматтық алуға кепілдік береді.

Трамп ұсынған бастамаға сәйкес, АҚШ азаматтығын автоматты түрде тек ата-анасының кемінде бірі АҚШ азаматы немесе тұрақты тұруға рұқсаты бар тұлға болған балалар ғана алуы тиіс еді. Ал елде уақытша жүрген шетелдіктер мен заңсыз мигранттардың балалары бұл құқықтан айырылар еді.

Жоғарғы соттың төрағасы Джон Робертс әкімшілік Конституцияның бұрыннан қалыптасқан түсіндірмесін қайта қарауға жеткілікті негіз келтірмегенін айтты. Ол туу арқылы азаматтық алу құқығы АҚШ заңнамасының негізгі кепілдіктерінің бірі болып қала беретінін атап өтті.

Сот шешімінен кейін Трамп Америка Құрама Штаттарының Конгресін аталған шектеулерді заңмен бекітуге шақырды.