АҚШ Жоғарғы соты Трамп енгізген сауда баждарын заңсыз деп таныды
Сонымен бірге Жоғарғы соттың шешімі ұлттық қауіпсіздік негізінде 1962 жылғы Сауданы кеңейту туралы заңның 232-бөлімі аясында енгізілген болат, алюминий, ағаш материалдары және автокөлік саласына қатысты салалық тарифтерге әсер етпейді.
Жоғарғы сотАҚШ президенті Дональд Трамп біржақты тәртіппен енгізген ауқымды сауда баждары федералдық заңды бұзатыны туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ. Бұл туралы CNN хабарлады.
Сот төрағасы Джон Робертс көпшілік дауыспен (алтауы – қолдап, үшеуі – қарсы) қабылданған қорытындыны жариялап, енгізілген тарифтер заңда белгіленген деңгейден асып кеткенін мәлімдеді. Алайда сот бұған дейін жиналған қаражатқа қатысты нақты шешім шығарған жоқ.
АҚШ кедендік және шекара қызметінің деректеріне сәйкес, 14 желтоқсандағы жағдай бойынша федералдық үкімет 301 мыңнан астам импорттаушыдан 134 млрд доллар көлемінде баж салығын жинаған.
Жоғарғы сот судьясы Бретт Кавано соттың бүгінгі шешімі үкіметтің импорттаушылардан жиналған миллиардтаған долларды қайтаруы тиіс пе, әрі қайтарса, қалай жүзеге асырылуы керек деген мәселеге қатысты ұстаным білдірмегенін атап өтті.
Мәселенің қаржылық қыры ерекше маңызға ие. Трамп әкімшілігінің өкілдері ықтимал өтемақы төлемдері АҚШ экономикасына елеулі салмақ түсіруі мүмкін екенін мәлімдеген.
"Русская служба BBC" хабарлауынша, шешім Трамптың әлемнің көптеген еліне қатысты енгізген жалпыұлттық тарифтеріне қатысты. Сот қорытындысы 1977 жылғы Халықаралық төтенше экономикалық өкілеттіктер туралы заңға (IEEPA) сүйеніп қабылданған. Бұл заң президентке төтенше жағдай кезінде сауданы реттеуге мүмкіндік береді.
Трамп аталған заңды алғаш рет 2025 жылдың ақпанында қолданып, Қытай, Мексика және Канада елдерінен келетін тауарларға баж салығын енгізген. Ол бұл шешімді аталған елдерден заңсыз есірткі айналымы төтенше жағдай тудырып отыр деп түсіндірген. Кейін сәуір айында әлемнің көптеген еліне қатысты 10%-дан 50%-ға дейінгі тарифтер белгілеген. Оның айтуынша, АҚШ-тың сауда тапшылығы да «ерекше әрі төтенше қауіп» болып саналады.
Сонымен бірге Жоғарғы соттың шешімі ұлттық қауіпсіздік негізінде 1962 жылғы Сауданы кеңейту туралы заңның 232-бөлімі аясында енгізілген болат, алюминий, ағаш материалдары және автокөлік саласына қатысты салалық тарифтерге әсер етпейді.