АҚШ заңсыз мигранттарға ерікті депортация үшін 3 мың доллар төлейді
АҚШ әкімшілігі заңсыз мигранттарды елден өз еркімен кетуге ынталандыру мақсатында төлем көлемін 3 мың долларға дейін арттырды. Бұл туралы АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, жыл соңына дейін CBP Home App арқылы өзін-өзі депортациялауға өтініш берген мигранттар аталған қаржылай қолдауға ие болады. Сонымен қатар, олардың ұшақ билетін АҚШ үкіметі төлейді.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, ерікті түрде елден кеткен азаматтарға көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін айыппұлдар мен өзге де жазалар қолданылмайды.
Ресми дерекке сүйенсек, 2025 жылдың қаңтарынан бері бұл мүмкіндікті 1,9 миллион заңсыз мигрант пайдаланған.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп елге заңсыз кіргендер саны 25 миллионға жуық екенін айтып, иммиграциялық саясатты қатаңдату қажет екенін бірнеше рет мәлімдеген. Ол билікке келгеннен кейін Мексикамен шекарада төтенше жағдай режимін енгізіп, заңсыз мигранттарды елден шығару бойынша ауқымды операция жүргізуге ниетті екенін жеткізді.