Бүгiн 2026, 19:45 Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

АҚШ визасын беру тоқтай ма? Елші Қазақстанға қатысты нақты жауап берді

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули М. Стаффт Green Card лотереясы мен бірқатар ел азаматтарына иммиграциялық визалар берудің уақытша тоқтатылуына қатысты журналистердің сұрағына жауап берді.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули М. Стаффт Green Card лотереясы мен бірқатар ел азаматтарына иммиграциялық визалар берудің уақытша тоқтатылуына қатысты журналистердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еске сала кетсек, былтыр күзде АҚШ Green Card лотереясы бағдарламасын уақытша тоқтатқан болатын. Кейінірек Қазақстанды қоса алғанда, 75 елдің азаматтарына иммиграциялық визалар беру де уақытша шектелді.

Бұл шешімнің қанша уақытқа созылатыны жөніндегі сұраққа АҚШ елшісі жауап берді.

АҚШ – иммиграция негізінде құрылған мемлекет. Бұл – ел тарихының маңызды бөлігі және ол біздің заңдарымыз бен заңнамамызда көрініс тапқан. Сондықтан қазіргі шешім – толықтай тоқтату емес, уақытша шектеу. Біз бұл шараның уақытша екеніне сенеміз, – деді Джули М. Стаффт.

Оның сөзінше, бұл қадам иммиграциялық үдерістерді реттеу және жетілдіру мақсатында қабылданған. Бұған дейін де АҚШ-та иммиграциялық жүйені оңтайландыру үшін осындай бастамалар жүзеге асырылған.

Елшінің айтуынша, аталған шектеу визалардың барлық санатына емес, тек иммиграциялық визалардың белгілі бір бөлігіне ғана қатысты.

Бұл шешім Қазақстан азаматтарына берілетін визалардың басым бөлігіне әсер етіп отырған жоқ. Әңгіме иммиграциялық визалардың шағын тобы туралы ғана болып отыр. Ал иммиграциялық емес визалар – туристік, іскерлік және студенттік визалар бұрынғыдай беріліп жатыр. Мұндай визалар Қазақстан азаматтарына мыңдап рәсімделіп жатыр, – деді Джули М. Стаффт.

Оның сөзінше, былтыр Қазақстаннан АҚШ-та білім алып жатқан студенттер саны бойынша рекордтық көрсеткішпен есте қалған.

2025 жылы АҚШ-та оқыған қазақстандық студенттер саны тарихтағы ең жоғары деңгейге жетті. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Алдағы уақытта бұл сан одан әрі арта түседі деп күтеміз. Біз қазақстандық студенттерді әрдайым қуана қабылдауға дайынбыз, – деді елші.

Сонымен қатар Джули М. Стаффт АҚШ студенттерінің Қазақстанда білім алуына да қызығушылық артқанын атап өтті.

Қызығы, бұл кезеңде Қазақстанда оқыған америкалық студенттер саны да ең жоғары деңгейге жетті – шамамен 100 студент. Біз бұл көрсеткішті де болашақта ұлғайтуға ниеттіміз, – деп толықтырды ол.